Научная статья «Тәуелсіздік-Мәңгілік елге жол ашқан…»

Қараөзек орта мектебінің

Бастауыш сынып мұғалімі

Шугайв Кумисжан

Қазақ елі… Осы ұлы екі сөз арқылы көз алдымызға ұлы дала мен оның ұлы қырандары елестейді. Мыңдаған жылдар белесін артқа тастап Еуразия кеңістігін мекендеген ата-бабаларымыз қаншама аумалы-төкпелі заманды басынан өткізбеді десеңізші… Соның бірегейі — тәуелсіздік жолындағы күресі.

Сонау он бесінші ғасырдан бастап, жиырмасыншы ғасырдың соңғы ширегіне дейінгі кезеңде, «мың өліп, мың тірілеген» қайсар қазақ халқы ел болып, ақ найзаның ұшына бөрілі байрағын байлап, жүріп өткен жеріне таңбасын қалдырып, дүние жүзі картасынан Еуропа мен Азияның қақ ортасынан ойып тұрып орын алып, өз шекарасын белгілеп, мығымдады.

Алайда, осынша ғасырлар аралығында өз елін, жерін қорғау мақсатында қанша қан төгілді, қарға тамырлы қазақ жүздеген, мыңдаған бауырларынан айырылды…

Ұлы Дала төсінде Қазақ елінің шаңырағын көтеріп, ұлы мемлекеттің іргесін қалап кеткен қос баһадүр — Керей мен Жәнібек бабамыздан жалғасып, тарих сахнасында, Алаштың жүрегінде  «елім»-деп еңіреп өткен қаншама хандарымыздың есімі бірге аталады.

Ақ найзаға үкі тағып, ат төбеліндей жерді жау аяғына таптатпай, аруағын шақырып, дұшпанның басын допша домалатқан бабаларымыздың ерлігі біздің жүрегімізде !

Дегенмен, жаңа ғасырдың зобалаңдары аса көп болды. Ғасырлар бойы өмір атты алып теңізде желкенін жер кернеп, тоқтаусыз жүзіп келе жатқан алып кеменің тағдыры ауырлай түсті. Шығыста аузынан лапылдаған от шашқан Қытай империясы, оңтүстік-шығысында жылындай ысылдаған Жоңғар хандығы,ал Солтүстігінде аюдай ақырған Ресей империясы тұрды. Халқын аман сақтап қалу мақсатымен, Әбілқайыр хан ерікті түрде Орыс державасының қол астына өтуге мәжбүр болды. Қазақтың басына қара бұлт үйірілген зұлмат заман сол жолдан бастау алды. Қап-қара түнекті жарып шығып, еркіндікке ұмтылған қаншама зиялыларымыздан айырылдық… Тіпті жойылып кетудің аз-ақ алдында қалдық. Әлихан, Ахмет, Міржақып, Мағжан сынды діңі алтын бәйтеректеріміз жазықсыз жалаға ұшырады, репрессияның құрбандары болды.

Жиырмасыншы ғасырдың сексенінші жылдары қазақ үшін, елді жарық жолға бастайтын, қуғын-сүргінде ажал құшқан зиялылардың асқақ арманын жалғаушы жаңа толқын пайда болды.

Жас болса да бас бола білген аға-әпкелеріміз елдікке ұмтылды. Қайрат, Ләззат, Ербол, Сабина сынды асыл боздақтарымыз елі, жері, тәуелсіздігі үшін аппақ қарға қып-қызыл қанын төкті.  Жай отындай жарқ-жұрқ еткен жастарымыздың арманы арада тура бес жыл салып орындалды.

Бір мың тоғыз жүз тоқсан бірінші жылы тарих сахнасынан Жоңғар мемлекетіндей мүлдем жойылып кетуге шақ қалған қайсар елдің басына бақ құсы қонды. Еліміз тордан шыққан тотыдай еркіндігіне қайтадан қол жеткізді.

Өтті талай қиямет, азапты күн,

Қазақстан, Отаным азат бүгін !

Тәуелсіздік өзіңнен мың айналам,

Сақтап келген қазақтың қазақтығын !

 

Қазақ елі өзіне басшы қылып, ақ киіздің үстіне отырғызып — Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевты сайлады.

Көреген басшымыздың арқасында, осы таңда іргесі берік, керегесі кең, өзге алып мемлекеттермен терезесі тең дәрежеде өмір ағысымен тоқталмай, алға жылжып келе жатыр. Мемлекеттік тіліміз құрып кетудің аз-ақ алдында қалған, сонау сақ, ғұн, үйсін тайпаларынан бері сан ғасыр бойы жасап, бізге дейін аман жеткен, билеріміз әділ төрелігін, хандарымыз жарлығы мен жарғысын айтқан — қазақ тілі !

Мемлекет екенімізді айқындайтын — туымыз, елтаңбамыз, әнұранмыз бар.  Қасым, Есім, әз Тәукеден жалғасқан «заңдар жинағының» өн бойына қан жүгіртіп, Ата Заңымыз Конституцияны бекіттік.

«…Ата заң, ұлтымның арымен жазылған,

Ата заң,жұртымның жанымен жазылған.

Ата заң, мен үшін, елі үшін мерт болған,

Атамның қып-қызыл қанымен жазылған…», — деп Алмас Темірбай ақын жырлағандай, Ата Заңымыз әрбіріміз үшін қадірлі, қастерлі де қасиетті !

 

Мемлекетіміздің жүрегі — қазақ ұлтынан бөлек, тағдырдың тәлкегімен осы ұлы мекенге бастары қосылған жүз отыздан аса ұлт өкілдеріміз бір шаңырақтың астында айрандай ұйып, өмір сүруде. Діні, ділі, тілі, салт-дәстүрі бөлек халықтың басын қосып отырған, бірлікті сақтай білген, әрине Елбасының арқасы !

Қазіргі таңда еліміз даму жолындағы бірден-бір мемлекет десем асырып айтқаным емес. Оған себеп те, дәлел де жетерлік. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы еліміз егемендік алған жылдан бастап, тынымсыз еңбек етіп келе жатыр. Алып державалармен әртүрлі байланыс орнатуда. Осының барлығы да Қазақ елі үшін жасалып жатқан істер.

Тәубе! Отанымыздың мәртебесі шарықтап, көк туымыздай асқақ тұр. Мәңгілік еліміздің мәңгілік мәртебесін бір күнде жүзеге асыра алмасымыз белгілі. «Еділдің бойы ен тоғай, ел қондырсам деп едім», — деген Махамбеттің асқақ арманын Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы алып келіп, Алтайдан Атырауға, Алатаудан Еділге дейінгі сайын даланың жазықтығынан орда қылып Есіл бойын таңдап алып, Еңселі Астанасының іргесін қалады, төрткүл дүниеге жаңғыртты. Ол да бір Алланың сыйы, аталар аманатының орындалуы деп білуге болады.

Биылғы жыл біз үшін айтарлықтай елеулі жыл болды. Керей мен Жәнібек сұлтандар іргесін қалаған Қазақ хандығының 550 жылдығын көне Тараз жерінде дүркіретіп тұрып тойладық. Бұл той ұлы Қазақ еліне көзін алартқан, жер бетінде ондай ел мүлдем болмаған деп, өздерінің ақылға сыймайтын ойларын айтып келген көкірегінде көзі жоқтардың мысын басты десек те болады !

Жаратушы Алламыз Қазақстанның жұлдызын басқалардан бір саты жоғары шығарса, алар асуымыз, бағындырар белесіміз тек алда екеніне біз кәміл сенеміз !

Жасай бер,Қазақ елі !

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *